Астана және Алматы, Қазақстан. 2023 жылғы 22 маусым – Қазақстандағы Haileybury мектептерінің жоғары білім сапасы беделді халықаралық құрылымдар тарапынан тағы бір мәрте мойындалды.
Haileybury Astana Азиядағы Британдық халықаралық мектептер федерациясына (FOBISIA) қабылданды. FOBISIA-ға қосылудың маңызды талаптарының бірі - мектептегі оқу үдерісінің жоғары халықаралық сапа стандарттары мен озық тәжірибелерге сәйкестігін қамтамасыз ететін қатаң аккредиттеу процесі. FOBISIA мүшесі болу мектеп мұғалімдеріне білім берудің ең заманауи құралдары мен әдістеріне қол жеткізуге, сондай-ақ жетекші шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасуға, халықаралық кәсіби ынтымақтастықтың өзіндік желісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Haileybury Astana оқушылары Азиядағы Британдық халықаралық мектептер федерациясының қолдауымен ұйымдастырылатын академиялық, спорттық жарыстарға және мәдени іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
“Біз Қазақстандағы Haileybury мектептеріндегі білім сапасының халықаралық деңгейде мойындалғанын мақтан тұтамыз. Haileybury Astana-ның FOBISIA-ға қосылуы заманауи оқыту әдістеріне, тәжірибе алмасуға және кәсіби ынтымақтастыққа жол ашады. Оқушыларымыздың дамуы және олардың табысты тұлға болып қалыптасуын қамтамасыз ету үшін, жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін біз оларға халықаралық білім сапасы стандарттары мен озық тәжірибелерді ұсынамыз”, – деді Haileybury Astana директоры Джон Коулз.
Өз кезегінде Haileybury Almaty мектебі әлемдік деңгейдегі мектептердің халықаралық қауымдастығы болып табылатын World Class Fellowship бағдарламасына қабылданып, Орталық Азияда алғаш болып, “Жоғары тиімді білім беретін әлемдік деңгейдегі мектеп” мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе оқу орнының дәстүрлі білім беру стандарттарымен шектелмей, оқушылар тек білім алуда ғана емес, сонымен қатар тұлғалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуда да табысқа жете алатын оқу ортасын құра білгенін білдіреді. Бұл білім беру форматы академиялық білімнен басқа, сыни тұрғыдан ойлау және ақпаратты талдау, әртүрлі жобалар мен тапсырмаларды құру және жүзеге асыру сияқты дағдыларды белсенді дамытуды көздейді.
“Біз әрқашан оқушыларымызға жоғары деңгейде білім беруге ұмтылдық. Сондықтан біз әлемдік деңгейдегі мектеп мәртебесіне қол жеткізгенімізді мақтан тұтамыз. Бұл жоғары мәртебе - оқушыларымызға жоғары сапалы білім беруге күш жұмған ұжымымыздың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Бұл марапат - мектебіміздегі әрбір балаға жетістікке жету үшін теңдесі жоқ мүмкіндік беруге деген ұмтылысымыздың айғағы», - деді Саймон Миллс, Haileybury Almaty директоры.
Қазақстандағы Haileybury мектептері туралы ақпарат:
Haileybury Almaty және Haileybury Astana халықаралық стандарттарға сай жоғары сапалы білім беретін Қазақстандағы жетекші оқу орындарының бірі болып табылады. Haileybury Almaty және Haileybury Astana түлектері АҚШ-тың MIT, Йель, Колумбия, Браун және Пенсильвания университеттері сияқты әлемнің ең беделді университеттерінде, сондай-ақ Ұлыбританияның Оксфорд, Кембридж, Лондон экономика мектебі, Империал колледжде және Университет колледжінде білім алуда. 2023 жыл да қуанышты жаңалықтарға толы болды – Haileybury Almaty түлегі бірден Гарвард және Колумбия университеттері, Кембридж және Лондон экономика мектебі, сондай-ақ Эксетер университеті сияқты әлемнің жетекші бес университетінен оқуға шақыру алды.